ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕ ҚҰЗЫРЕТТІЛІК ТҰҒЫР НЕГІЗІНДЕ БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТЕРІН ДАМЫТУ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PEDS.2025.79.4.015Кілт сөздер:
құзыреттілік тұғыр, магистратура, жоғары білім, кәсіби құзыреттер, білім беру бағдарламалары, білім сапасы, білім беру, білім беру стандартыАннотация
Құзыреттілік тұғыр – қазіргі жоғары білім берудегі негізгі бағыттардың бірі бола отырып, білім алушылардың нақты кәсіби және өмірлік жағдайларда білім мен дағдыларды қолдана алу қабілетін қалыптастыруға бағытталған әдіснамалық негізді құрайды. Бұл зерттеу магистранттар арасында құзыреттердің қалыптасу деңгейін анықтау және білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру мәселелеріне арналған.
Осы зерттеудің мақсаты – философия және саясаттану факультетінің магистранттарының құзыреттілік тұғыр туралы хабардар болу деңгейін, қолданылатын білім беру практикаларына қатынасын анықтау, сондай-ақ негізгі құзыреттердің қалыптасуына ықпал ететін немесе кедергі келтіретін бағдарлама компоненттерін айқындау. Негізгі назар білім алушылардың бағдарламалардың мазмұндық жағы мен оқыту әдістерін қабылдауына аударылды.
Ғылыми тұрғыдан алғанда, бұл жұмыс магистратурадағы білім беру өзгерістерін қабылдау туралы түсінікті нақтылауға ықпал етеді, ал практикалық жағынан – оқыту бағдарламаларын жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстарды қалыптастырады.
Зерттеу әдіснамасы – 83 магистрантқа жүргізілген сауалнама негізінде алынған деректерге сандық және сапалық талдау жасау. Лайкерт шкаласы және ашық сұрақтарға берілген жауаптардың тақырыптық талдауы қолданылды.
Нәтижелер көрсеткендей, білім алушылардың басым бөлігі құзыреттілік тұғыр идеяларын қолдайды, практикаға бағытталған оқыту формаларын және саналы білім беру бағытын жоғары бағалайды. Сонымен қатар, респонденттердің аз бөлігі ресми тұжырымдалған құзыреттер мен пәндердің нақты мазмұны арасындағы байланыстың әлсіз екенін атап өтті.
Зерттеу нәтижелері магистратурада құзыреттілік тұғырды жүзеге асыру тәжірибесін зерттеуге өз үлесін қосып, білім алушылардың пікірлерін ескерудің маңыздылығын көрсетеді. Практикалық маңызы – жоғары білім беру жүйесінде оқу жоспарларын және оқыту әдістерін жаңарту барысында алынған нәтижелерді қолдану мүмкіндігінде.
Нәтижелерді магистратура бағдарламаларын жақсарту үшін оқу жетістіктерін кәсіби құзыреттермен сәйкестендіру және оқыту әдістерін жетілдіру мақсатында қолдануға болады.





