ПЕДАГОГИКАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ БИОЛОГ-СТУДЕНТТЕРГЕ ЖАНУАРЛАРДЫҢ АЛУАНТҮРЛІЛІГІН ЗЕРТТЕУДІ ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PEDS.2026.81.2.006Кілт сөздер:
Педагогикалық білім беру, биологиялық білім беру, оқыту әдістемесі, жобалық оқыту, практикалық құзыреттілік, биологиялық алуантүрлілік, жануарлар дүниесі, цифрлық технологияАннотация
Бұл мақалада педагогикалық бағыттағы биология мамандығының студенттеріне жануарлар дүниесінің әртүрлілігін зерттеуді оқыту әдістемесінің негіздері қарастырылады. Жануарлар әлемін зерттеуді оқыту болашақ биология мұғалімдерінің ғылыми ойлауын, тірі табиғатқа жанашырлық пен экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан биологиялық білім беруді заманауи экологиялық және цифрлық талаптарға сәйкестендіру қажеттілігімен зерттеудің өзектілігі айқындалады. Зерттеу жұмысының мақсаты – Қазақстан мен Түркияның (Хаджеттепе университеті мысалында) педагогикалық бағыттағы білім беру жүйелерін салыстыра отырып, жануарлар алуантүрлілігін оқытудағы әдістемелік тәсілдерді, тиімді педагогикалық технологияларды және практикалық даярлық деңгейін айқындау. Зерттеу барысында Хаджеттепе университетінің студенттері мен бірнеше оқытушыдан сауалнама мен сұхбат алынып, оқу бағдарламалары мен практикалық сабақтардың мазмұны талданды. Нәтижелер көрсеткендей, Түркия университеттерінде, әсіресе Хаджеттепе университетінде, зерттеушілік және интерактивті оқыту әдістері (жобалық жұмыс, зертханалық және далалық тәжірибелер) кеңінен қолданылады. Тек түрік тарапынан алынған деректермен шектелмей, Қазақстандағы педагогикалық жоғары оқу орнының биология мамандығы студенттері арасында да сауалнама жүргізілді. Қазақстандық сауалнама нәтижелері студенттердің практикалық сабақтарға деген қызығушылығы жоғары болғанымен, зертханалық және далалық жұмыстардың жеткіліксіздігін көрсетті. Қазақстандық жоғары оқу орындарында дәстүрлі теориялық оқыту басым болғанымен, соңғы жылдары проблемалық оқыту және цифрлық модельдер енгізілуде. Сонымен қатар, студенттердің көпшілігі экожүйелер мен жануарлар дүниесін зерттеу барысында цифрлық құралдарды (виртуалды зертханалар, биологиялық модельдеу платформалары) қолдану қажеттілігін атап өтті. Бұл тәсіл студенттердің белсенділігін және практикалық құзыреттерін арттырады. Осымен байланысты, Түркияның озық тәжірибелерін Қазақстанның жоғары оқу орындарының ерекшеліктеріне бейімдей отырып, жануарлар әртүрлілігін зерттеуді оқытуға арналған сабақ жоспарлары мен әдістемелік ұсыныстар әзірленді. Зерттеу қорытындысы бойынша жануарлар алуан түрлілігін оқытудың тиімділігі тек мазмұнға емес, оны жүзеге асыру әдістемесіне байланысты екені анықталды. Зертханалық және далалық сабақтарды кеңейту, заманауи цифрлық құралдарды енгізу, пәнаралық тәсілді қолдану және оқытушылардың кәсіби біліктілігін халықаралық деңгейде арттыру қажеттілігін атап өтті.





