ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЦИФРЛЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ТИІМДІЛІГІН БАҒАЛАУ
Кілт сөздер:
оқыту инновациялары, жоғары білім беру жүйесі, цифрлық трансформация, гибридті оқыту тәсілі, ауыспалы сынып моделі, онлайн оқыту, білім беруді модернизациялау, Қазақстандық контекстАннотация
Мақалада Қазақстандағы жоғары оқу орындарында білім беруді цифрландыру жағдайында заманауи педагогикалық технологияларды қолданудың тиімділігі қарастырылады. «Педагогикалық технология» ұғымының теориялық негіздері мен оның В.П. Беспалько, Г.К. Селевко, Е.С. Полат және басқа да зерттеушілер ұсынған жіктелуі талданады. Сондай-ақ қазіргі білім беру технологияларының даму үрдістері - цифрлық құралдарды біріктіру, оқытуды жекелендіру және құзыреттілікке негізделген тәсілдерді қалыптастыру бағыттары қарастырылған.
Гуманитарлық және әлеуметтік бейіндер бойыншажүргізілген эмпирикалық зерттеу негізінде оқыту технологияларының түрлеріне байланысты студенттердің академиялық үлгерімі, оқу мотивациясы, дербестігі мен қанағаттану деңгейінің салыстырмалы мәліметтері келтірілген. Зерттеу нәтижелері blended learning (аралас оқыту), flipped classroom (аударылған сынып), e-learning және case-study технологияларын енгізудің білім беру процесінің сапасына, сыни ойлауды дамытуға және студенттердің оқу үдерісіне белсенді қатысуына оң әсер ететінін көрсетті.
Талқылау бөлімінде цифрлық педагогикалық технологиялардың тиімділігін анықтайтын негізгі факторлар мен оларды енгізудегі кедергілер - оқытушылардың цифрлық құзыреттілігінің жеткіліксіздігі, техникалық ресурстардың шектеулілігі және әдістемелік қолдаудың қажеттілігі атап өтілген. Автор педагогикалық практикаларды жетілдіру бағыттарын ұсынады: цифрлық мәдениетті қалыптастыру, бейімделген білім беру ортасын дамыту және жоғары білім беруді жүйелі түрде трансформациялау.
Қорытындыда цифрландыру жағдайында педагогикалық технологияларды табысты қолдану кешенді көзқарасты қажет ететіні атап өтіледі. Ол педагогтардың біліктілігін арттыруды, оқу бағдарламаларын жаңартуды және жаңа буын мамандарын даярлаудың сапасын қамтамасыз ететін инновациялық оқыту формаларын белсенді пайдалануды қамтиды. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының білім беру ортасына цифрлық шешімдерді орнықты енгізуге бағытталған стратегияларды әзірлеу мен институционалдық қолдаудың маңыздылығы атап өтіледі.





