АБАЙ ҚАРА СӨЗДЕРІН МҮРСЕЙІТ ҚОЛЖАЗБАЛАРЫ НЕГІЗІНДЕ ОҚЫТУ: МЕТАТАНЫМДЫҚ СТРАТЕГИЯЛАР МЕН ӘДІСТЕР
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PEDS.2026.82.3.023Кілт сөздер:
Абайдың қара сөздері, Мүрсейіт жазбалары, метатанымдық оқыту, әдістемелік модель, текстологиялық талдау, ғылыми-танымдық құзыреттілік, эмпирикалық зерттеу, сауалнама, әдістерАннотация
Мақалада Абайдың қара сөздерін метатанымдық тұрғыдан меңгертудің тиімді жолдары мен Мүрсейіт жазбаларының маңызы қарастырылады. Зерттеуде мәтінді саналы қабылдау, өзіндік ой қорыту, рефлексия және оқу әрекетін реттеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған метатанымдық стратегиялардың рөлі айқындалады. Зерттеудің өзектілігі – жоғары оқу орындарында Абай қара сөздерін Мүрсейіт қолжазбалары негізінде оқыту арқылы студенттердің бойында метатанымдық дағдыларды қалыптастырудың өзектілігінен туындайды. Бұл бағыт ұлттық рухани мұраны саналы меңгеруге, студенттердің ғылыми-танымдық құзіреттілігін дамытуға, сондай-ақ оқу процесінде өзіндік бақылау, талдау және бағалау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Метатанымдық тәсілдер студенттердің оқу әрекетін жүйелі жоспарлауы, оқу стратегияларын саналы таңдауы және білім сапасын объективті бағалауы арқылы оқу тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Зерттеудің мақсаты – жоғары оқу орындарында Абай қара сөздерін Мүрсейіт қолжазбаларына сүйене отырып метатанымдық тұрғыда оқыту арқылы студенттердің оқу әрекетін саналы түрде ұйымдастыру, мәтінді терең түсіну, өзіндік ой қорытуды және рефлексия қабілеттерін қалыптастыру жолдарын анықтау.
Абай қара сөздерінің философиялық және тәрбиелік идеяларын түсінуде Мүрсейіт қолжазбаларының мәтіндік ерекшеліктерін салыстырмалы талдау студенттердің танымдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Оқу процесінде жоспарлау, өзін-өзі бақылау, бағалау сияқты метатанымдық әрекеттерді жүйелі қолданудың әдістемелік үлгілері ұсынылып, оларды Абай қарасөздерін оқытуда қолдану жолдары сипатталды. Мақалада Абайдың қара сөздерін Мүрсейіт жазбалары негізінде метатанымдық тұрғыда оқытуды зерттеу барысында салыстырмалы, эмпирикалық зерттеу, сауалнама алу, статистикалық өңдеу әдістері қолданылды. Абай қара сөздерін Мүрсейіт қолжазбалары арқылы оқытуға студенттердің көзқарасын анықтау мақсатында сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 2-3-курс студенттері қатысты. Респонденттер саны – 62 (n = 62). Жиналған деректер SPSS 26 бағдарламасында өңделіп, статистикалық талдау жүргізілді.
Зерттеу нәтижелері Абай қара сөздерін Мүрсейіт қолжазбалары арқылы оқытудың студенттердің мәтінді терең түсінуін, аналитикалық ойлау қабілеттерін және метатанымдық дағдыларын қалыптастыруын қамтамасыз ететінін көрсетті. Зерттеудің ғылыми және практикалық маңызы – әдеби білім беру тәжірибесін жетілдіруде, оқу процесінде метатанымдық тәсілдерді тиімді қолдануда көрініс табады. Сонымен қатар, ұсынылған әдістемелік шешімдер студенттердің өз білімін саналы түрде бағалау және оқу стратегияларын жүйелі таңдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.





