ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕТУДЕ МӘТІН ТАҢДАУ ЖӘНЕ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ӘДІСТЕРІ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PEDS.2023.68.1.010Кілт сөздер:
лингвистика, экстралингвистика, мәтін, әдістер, құзыреттілік, жазу сауаттылығы, дискурс, коммуникация, тыңдалым, оқылым, жазылым, шығармашылық шеберлік, сабақ жоспары, мақсат-міндетАннотация
Мәтін - білім беруде кез келген тақырыптың маңызды тірегі. Алайда пәннің мақсатына, тақырыптың ниетіне қарай іріктеліп алынған мәтін білімгер қызығушылығын арттыратындай белсенді дискурсқа түспейінше негізгі қызметін толыққанды жүзеге асыра алмайды. Әсіресе қазақ тілін оқытуда, үйретуде мәтіннің негізгі міндеті білімдік ақпарат берумен қатар, білімгерлердің қазақша тілдік коммуникативтік құзіреттіліктерін арттырып, ойын нақты әрі толық жеткізуге үйрету, олардың жазу сауаттылығын қалыптастыру, ойлау қабілетін дамыту болып саналады. Сондықтан сабақ контентін жасауда тақырып мазмұнын ашар лексикалық тірек сөздері айқын, ойдан ой тудыруға бейім, жетектеушілік қасиеті зор, дискурстық әлеуеті жоғары мәтін таңдау айтарлықтай ізденісті талап етеді.
Мәтінді әртүрлі тың әдіс-тәсіл, технология, стратегиялармен жандандыру – оның тіл үйретіп, қосымша білім берудегі мүмкіндігін күшейтіп, дискурстық динамикасын жоғарылатады. Мәтіннің дискурстық сипатын тілдік коммуникацияның тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым түрінде оңтайлы қолдану оқытушының шығармашылық шеберлігін көрсетеді.
Тіл үйрету барысында мәтінді тіл үйрету материалы ретінде пайдалану үшін оқытушы алдымен білімгердің тіл білу деңгейін ескеруі тиіс. Ендеше осы деңгейді ары қарай дамытып, коммуникативтік құзіреттіліктің жаңа сатысына жеткізу үшін тыңдалым, оқылым мәтіндерін қандай талаптарға сүйеніп іріктейміз, таңдаймыз? Қандай қасиеттерін басты назарға алуымыз керек? Ал дайын материалды қалай интеракцияға түсіреміз?
Бұл мақалада жоғарыда қойылған сұрақтарға жауап беріліп, тіл үйретумен қатар қосымша ақпарат беруде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ықпалды мәтін таңдау ұстанымдары мен оның дискурстық құзыреттілігін арттыратын тиімділігі жоғары әдіс-тәсілдер сөз болады.